Qazaq Jasa

ОБСЕ өкілдері тәуелсіз кандидаттармен кездеседі

Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро (БДИЧП ОБСЕ) 19 наурызда Қазақстанда өтетін кезектен тыс парламенттік сайлауды бақылау жөніндегі миссиясын ашты. ОБСЕ-ден 332 бақылаушы келмек.

18 наурызда өзін-өзі ұсынған кандидаттар ОБСЕ миссиясы өкілдерімен кездеседі. Олардың арасында Алматыдағы №5 округтен сайлауға түсіп жатқан Айбек БАРЫСОВ бар. Кездесу барысында ол миссия өкілдерін Алматыдағы ірі тұрғын үй кешендері бар сайлау учаскелеріне шақырмақ.

«Бұған дейінгі сайлаулардан жинаған тәжірибеміз бойынша, түрлі заң бұзушылықтар мен дауыс ұрлау аз болмайды. Мұндай нәрсені болдырмау үшін біздің сайлауалды штабымыз учаскелерге 500-ден астам бақылаушы тартты. Олардың барлығы да электоралдық процесті жақсы біледі.

Сондай-ақ біз қазақстандық үкіметтік емес ұйымдарға ұсыныс айтып, бақылаушы ретінде штабқа көмек қолын созуды сұрадық.

Миссия өкілдерінің тәуелсіз кандидаттармен кездесуге ниет білдіргені қуантты. Бұл ұйымның әлемнің әр түкпіріндегі сайлауларды бақылауда тәжірибесі орасан. Өз тарапымнан айтарым, тәуелсіз кандидат ретінде азаматтардың өз құқығын еркін пайдалануына барлық мүмкіндікті жасаймын», – деді А.Барысов.


Дереккөз: Nege.kz