Qazaq Jasa

Пәтерін жалға беретіндер мен такси жүргізушілері салық төлеуі тиіс

Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары дөңгелетіп отырған кәсіпке қатысты болатыны белгілі. Кәсіпкер болып саналатын таксистер бойынша салық органдары мәліметтерді 2024 жылдың қорытындысы бойынша алады.

Urban Forum зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда такси агрегаторларымен 213 мың адам жұмыс істейді, олардың 83%-ы үшін бұл негізгі табыс көзі емес.

Зерттеу көрсеткендей, агрегаторлармен жұмыс істейтін жүргізушілер дәстүрлі такси жүргізушілеріне қарағанда сағатына көбірек ақша табады. Жанармай шығындары, агрегатор мен такси паркінің төлемдері, автокөлік жалдау және амортизация сияқты барлық шығындарды ескерсек, сапардан түскен таза кіріс 51%-ды құрайды.

"Егер оның табысы осы шектен аспаса, онда бұл адамға ЖК ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, егер азамат 12 ең төменгі жалақыдан астам пайда көрсе, дара кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті", – деп жауап берді ҚР Қаржы министрлігі МКК өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнайы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов.

Пәтерді жалға беруге қатысты да біраз сұрақтар бар. ЖК тіркеу және салық төлеу бұрыннан бар болғанына қарамастан, көпшілігі жылжымайтын мүлікті жасырын түрде жалға беруді жалғастырып келеді.

"Бұл адамдарға кәсіпкер ретінде өз бетінше тіркелуді ұсынамыз. Қазір салық режимдері бар, олар пәтерді жалға беретін кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы. Мысалы, мобильді қосымшада табыс салығы ставкасы 1% болатын арнайы салық режимі бар. Мұндай азаматтарға декларация тапсырудың қажеті жоқ", – деді МКК өкілі.

"Халықтың азаматтық ұстанымы болуы керек және егер олар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырса, салықтар төлеуі тиіс. Сонымен қатар бүгінде жеке кәсіпкерді тіркеу үшін бұрынғыдай ешқайда барудың қажеті жоқ. Сіз тек e-Salyk Business мобильді қосымшасын жүктеп алуыңыз керек. Ол арқылы сіз тіркеуден өтіп, микробизнес үшін арнайы салық режимін таңдап, 1% жеке табыс салығын төлей отырып, ресми кәсіпкерлік қызметті бастай аласыз, ешқандай есеп берудің қажеті жоқ. Яғни, біз мүмкіндігінше жеңілдетеміз, бастысы кәсіпкер және адал салық төлеуші болу керек. Мұнда әр адамның әлеуметтік және азаматтық жауапкершілігі болуы тиіс", – деп қорытындылады Нұржан Қуандықов.