Qazaq Jasa

Саяси технолог Ерлан ИБРАГИМ партиялар мен тәуелсіз кандидаттардың бағдарламасын талдады

Саяси технолог Ерлан ИБРАГИМ партиялар мен тәуелсіз кандидаттардың бағдарламасын талдадап, бір айлық жұмыстың қорытындысын жасады.

«19 ақпанда басталған сайлау жарысы бізге көптеген жаңа тұлғаларды көрсетті. Әрине, сонымен қатар, партиялық тізімдегі бұрыннан саясатта келе жатқан тұлғалар да бар.

Партиялар бағдарламаларының ешқайсысы бүгінгі күннің сұранысына жауап бермейді. Саяси партия қоғамның белгілі бір тобының мүддесін қолдау керек, бірақ бүгінде біз партиялық алаңда тек Назарбаевтың тұсында пайда болған жаңаша «киінген» ескі қатысушыларды ғана көрдік.

Бүгінгі «Аманат» партиясы – кешегі «Нұр Отанның» мұрагері. Бұл билікті уысында ұстап отырған шенеуніктердің партиясы екенін бәріміз түсінеміз.

ҚХП (Қазақстан халық партиясы) – баяғы Косаревтан қалған Коммунистік партия. Оның басына Ертісбаевты апарып қойғаннан басқа еш жаңалығы жоқ.

Тура сайлау қарсаңында пайда болған «тәуелсіз» «Республика» партиясын шын мәнінде тәуелсіз деп айту қиын. Партия өзін бизнес партиясы ретінде көрсетуге тырысып жатыр. Алайда оның қатарында нағыз өндіріске қатысы бар компаниялар бар деп тағы айта алмаймыз», – дейді Е.Ибрагим.

Тәуелсіз кандидаттар туралы ол былай дейді: «Бұл жерде азды-көпті қызықты үрдістер байқалады. Бір мандатты кандидаттардың бағдарламаларының ішінен қара үзіп шыққанын бөліп-жарып айту қиын. Дегенмен талдап көрейік.

Алматы қаласындағы №5 сайлау округі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Дәл осы округ үміткерлері үлкен белсенділік танытып, біршама интрига жасады. Дегенмен, жаңа үрдістермен бірге бағдарлама ұсынуда ескі көзқарас, ескі әдістер де байқайлады. Мысалы, кейбіреулері тіпті президенттік сайлауға түсіп жатқан сияқты. Олардың көпшілігі өз бағдарламаларында барлық нәрсені қамтуға тырысқан. Бір сөзбен айтқанда, «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған».

Бұл тұрғыда кандидат Айбек БАРЫСОВТЫҢ бағдарламасы ерекшеленеді, ол қазіргі саяси науқанның айтулы тұсына айналды, былайша айтқанда, елдің саяси өрісіне тың күш әкелді. Ол өзі шешуге дайын мәселелер ретін толығымен нақты көрсетті. Мысалы, оның басты ұраны – Еркін тыныс алу. Тақырыбы айтып тұрғанындай, бұл жердегі негізгі шешілуге тиісті мәселелер – экология тазалығы, таза ауа, таза топырақ, таза су. Сонымен қатар бұл ұранның азаматтардың еркіндігі, бизнестегі еркіндік, жеке адамның өмір сүру қауіпсіздігі сынды балама мағынасы да бар.

Бұл кандидат – Назарбаевтың отыз жылдық билігі кезінде қалыптасқан жас буынның қазіргі күшін білдіретін көрсеткіш. Мұны өз тарапымыздан ұлттық буржуазия немесе өндірушілер деп атайтын едім.

Экология мен бизнесті дамытудан бөлек, Барысов жұмыссыздықпен күресті де бағдарламасына негіз етіп алған. Мәселен, 1000 жұмыс орны бар жаңа қорғаныс зауытын салуға уәде етіп отыр.

Егер ол депутат болып сайланса, 5 жыл ішінде өз бағдарламасының осы тармақтарын орындамаса, онда ол 10 млн долларға бағаланатын өзінің «Сәтті» бизнес-орталығын Алматы қаласының меншігіне беруге дайын. Мұны ол сұхбатында бірнеше рет айтты. Басқа үміткерлердің ешқайсысы өз мүлкін бәске тігіп, тәуекелге барған жоқ.

Қалай болғанда да, бәріне уақыт төреші. Нәтижесін сайлаудың қорытындысы шыққанда көреміз.


Дереккөз: Nege.kz