Орта бизнес Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібінің қозғаушы күшіне әрі драйверіне айналуы тиіс - Әлихан Смайылов
Орта бизнес үнемі өзгеріп отыратын нарықтық жағдайларға тез бейімделетінін атап өтті. Бұл оны өз кезегінде экономикалық дамудың аса маңызды бағдарына айналдырады. Сол себепті дамыған елдер шағын кәсіпорындарды әлемдік нарықтағы позициясын кеңейтіп, нығайтуға белсенді түрде ынталандырып отырады.
Үкімет басшысы жүктемені азайтып, салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын айтты.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқықтарын одан әрі қорғау мақсатында «таза парақтан» реттеу нормасы енгізілуде. Оның аясында бизнеске қойылатын 10 мың негізсіз талап алынып тасталады және мемлекеттік бақылаудың барлық бағыты бойынша рәсімдер автоматтандырылады.
"Бұл жаңа жылдан бастап бизнесті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін адами факторсыз, тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері негізінде барлық тексеру кестелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тексерулер санын азайтып, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырады", - деді Премьер-министр. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, мемлекеттік ресурстар мен инфрақұрылымға қолжетімділікті жеңілдету мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа моделі әзірленгенін айтты. Жергілікті деңгейде жер телімдерін бөлу, инфрақұрылым және әкімдіктердің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша да қолдау көрсету жалғаса береді.
"Негізгі капиталға инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша әкімдіктерге қойылған нақты KPI бар. Бұл ретте ШОБ субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджетке берілді, сол себепті әкімдіктер жеке секторды кеңейтуге мүдделі. Үкімет әрқашан бизнеспен диалогқа ашық екенін және оның дамуына ықпал ететін жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін тағы да атап өткім келеді", - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.