Qazaq Jasa

Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндерге қатысты жаңа талап дүрбелең туғызуы мүмкін

Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндерге қатысты жаңа талап дүрбелең туғызуы мүмкін.

Қазақстанда енді жүргізуші куәлігін алғысы келетін азаматтардың өз бетінше даярлануына тыйым салынды.
Жүргізушілерді тек қана автомектептер дайындайтын болады.

Сәрсенбідегі отырысында Мәжіліс "Жол жүрісі туралы" заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" негізгі заң жобасы мен оған ілеспе жобаны екінші оқылымда қабылдады.

Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, мұндай жаңалық Ішкі істер министрлігінің биылғы 23 сәуірдегі бұйрығымен енгізіліп отыр.
"Бұдан былай көлік жүргізу құқығын иеленуді қалаған барлық қазақстандықтарға автомектептерде оқудан өтуге тура келеді. Яғни, жүргізуші куәліктерін алуға кандидаттардың өз бетінше даярлануы жойылды. Бұған 2016 жылдан бері рұқсат етіліп келіп еді. Кезінде Парламенттің бұл тәжірибені жоюына ықпал еткен себептердің бірі –кейбір алақол азаматтар үшін автомектептердің заңсыз табыс табудың қайнарына айналып кеткені болды. Олар оқудан өткені туралы құжаттарды еш сынақ тапсырмаған адамдарға жаппай сатумен әуестенді. Бұл тәжірибе қайта енгізіліп отыр. Бәлкім, дұрыс та шығар. Дегенмен, автомектептердің ол құжаттарын тағы да сата бастамасына кепіл жоқ", – деді депутат.

Осылайша, ІІМ сарапшыларының байламынша, автомектептер өзі оқытқан шәкірттері үшін жанама болса да жауапкершілік арқалайды.

"Елде автомектептердің рейтингін енгізу мәселесі пысықталуда. Онда осындай әрбір білім ордасының жұмысы өзі даярлаған жүргізушілердің жасаған жол-көлік оқиғаларының санына қарай бағаланады. Яғни, түлектерінің жүргізуші ретіндегі біліктілігі неғұрлым төмен болса, автомектептің рейтингі де құлдырай түседі. Бұл жүргізушілерді дайындайтын бизнес субъектілерінің жауапкершілігін арттырады", – деп түсіндірген болатын бұған дейін министрлік мамандары.

Егер азамат қалтасынан шығын шығарып, автомектепте курстан өтсе, онда ең құрығанда қарапайым-элементарлы ережелерді санасына құйып алуға құлық танытады.
Жолдар қауіпсіз болуы үшін мемлекет, Әкімшілік полиция комитеті автомектептерде жүргізушілерді даярлауды бақылауды күшейтуі керек. Сондай-ақ лайықты жүргізушілерге ғана куәлік берілуі үшін әрбір өңірде автодромдарды жан-жақты, әрі толыққанды жабдықтауы қажет.