Qazaq Jasa

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа Terrex 2 — Barys-A 8×8 амфибиялық бронетехникасы таныстырылды.

2025 жылы Астанадағы Kazakhstan Paramount Engineering зауытында отандық көп мақсатты құрышталған амфибиялық техниканың өндірісі іске қосылады.

4 сәуірде Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа Terrex 2 — Barys-A 8×8 амфибиялық бронетехникасы таныстырылды. Бұл – құрлықта және су үстінде қозғала алатын, жеке құрамды, қару-жарақ пен жүктерді тасымалдауға қабілетті, түрлі жауынгерлік міндеттерге бейімделетін көп функционалды техника.

Terrex 2 — Barys-A 8×8 бұрынғы нұсқаларынан корпусының арнайы пішіні арқылы арттырылған минаға қарсы қорғаныс деңгейі және амфибиялық мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов бұл жобаның отандық қорғаныс өнеркәсібіндегі өнімнің жергілікті үлесін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Ал Kazakhstan Paramount Engineering компаниясының бас директоры Айбек Барыс өндірістің іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, қазақстандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін күшейтетінін мәлімдеді.

КРЕ зауыты жылына 500 бірлік техника шығаруға қауқарлы. Өндірістегі жергілікті құрам деңгейі – 72%-ға дейін. Бұл жоба Қазақстанның қорғаныс әлеуетін арттырып, елдің әскери машина жасау саласындағы мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтереді.
2025-04-10 12:22