Qazaq Jasa

Айбек Барысов: Біздің экономикаға ұлтшылдық жетіспейді

Осы жылдың қаңтарында құрылған Экономикалық ұлтшылдық қозғалыс өкілдері заңды тұлға ретінде тіркеуге құжаттар тапсырып, 6 наурызда тіркеу туралы анықтама алған еді. Алайда, 3 наурызда бірлестік қызметін тоқтату тіркеу жүргізілгені белгілі болды. Кеше Алматыда баспасөз жиынын өткізген қозғалыстың басшылары Әділет министрлігінің өкілдері заңды өрескел бұзып отыр дейді.

Біз жиын соңында Экономикалық ұлтшылдық қозғалыстың басшысы Айбек Барысовпен әңгімелескен едік.

— Айбек мырза, бірлестік атауындағы «ұлтшылдық» деген термин тіркеуге кедергі болып отыр деп ойлайсыз ба?

— Қозғалысты тіркемеуге шешім шығарғандар экономикалық ұлтшылдық пен этностық ұлтшылдықтың ара-жігін ажырата алмайтын секілді. Экономикалық ұлтшылдық мемлекеттің дамуына серпін беретін ұғым екенін дамыған елдердің тәжірибесінен білемін. Мысалы, Түркия ең алдымен өз елінің кәсіпкерлері шығарған тауарларға басымдық береді, Германияда да солай. Бүкіл әлемде солай. Ал бізге «ұлтшылдық» деген сөзді басқа сөзге ауыстыруға кеңес берілді.

Біз Қозғалыстың тіркеуін жою заңсыз деп есептейміз. Сондықтан азаматтық құқықтарымызды бұзу туралы сотқа жүгінеміз. Әділет министрлігінің әрекеттерінің бір бөлігі қозғалыстың саяси белсенділігімен байланысты деп санаймын, өйткені қозғалыс мүшелері екі айдан аз уақыт ішінде Қазақстан Үкіметіне топтық талап-арыздарды қозғады (Алматы қаласы атмосферасының 2-ЖЭО-да көмір жылытуымен ластануына және азаматтардың денсаулығына зиян келтіруге байланысты талап-арыздар), барлық отандық өндірушілерді біріктірді және алдағы сайлауға өз үміткерлерін ұсынды.

Тіркеуді жоюдың тағы бір себебі ретінде Экономикалық ұлтшылдық қозғалысының жетекшілері шенеуніктердің құқықтық және функционалдық сауатсыздығы деп білеміз.

«Бірлестік атауындағы “ұлтшылдық» сөзінің өзі біреуді қорқытқаны анық. Алайда, бұл жағдайда атауын бөліктерге емес, толығымен оқып, қабылдау керек. «Экономикалық ұлтшылдық*» — этникалық ұлтшылдыққа мүлдем сәйкес келмейтін ұғым. Экономикалық ұлтшылдық қозғалысы — ұлттық өндірушіні қорғауды және импортты алмастыруды қолдайды. Ал біздің экономикамыздың әміршісі — импорт екенін жасыра алмайтын жағдайға жеттік.

— Айбек мырза, сіздер құрған қозғалыс билік, қоғам және бизнес арасында алтын көпір міндетін атқара алады деп сенесіз бе?

— Сенбесек, мұндай батыл шешім қабылдамас едік. Біздің экономикаға ұлтшылдық жетпейтінін анық. Егер, экономикалық тұрғыдан келсек, экономикалық рухтың өзегі осы. Экономикалық ұлтшылдық еңбек және капитал экономикасының қалыптасуы кезеңінде қолданылатын термин. Біз нарықтық ортада — бизнес ортада жайлы бизнес-инвестициялық климат қалыптасу үшін экономикалық ұлтшылдық жүйесіне басымдық беруді, енгізуді жақтаймыз. Бұл жүйе салық, кеден ісі саясатының, бизнесті, отандық кәсіпорындарды қолдау саясатын тазартады.

— Сіз экономикалық ұлтшылдық дейсіз. Бірақ ұлтшылдық деген терминді өте тар ұғымда түсінетіндер көп қой.

— Экономикалық ұлтшылдық белгілі бір ұлттардың басымдығы деген ұғымнан жоғары тұратын термин. Бізге ұлтының қандай болғаны маңызды емес. Маңызды - қолында Қазақстанның төлқұжаты бар азамат. Біз сол азаматтың нарықтағы экономикалық ортадағы құқын қорғағымыз келеді.

— Осыған дейін сіз көтеріп отырған мәселе «Атамекен» ҰКП-ның құзіретінде болып келді. Сонда сіздер құрған қозғалыстың «Атамекеннен» айырмашылығы не?

«Атамекен»ҰКП Бизнес министрлігі деп қабылдауға болады. Олар өздерін осылай танытты. Демек, оның бағыт-бағдары үкіметтің экономикалық блогына тәуелді. Ал біз құрған қозғалыс өз ойын ашық айта алатын жүздеген мың кәсіпкерлердің билікпен ашық сүхбаттасуына мүмкіндік беретін мінберіне, платформасына, айналса дейміз. Бізге бизнестің жоғары жаққа жете бермейтін проблемасы жақсы таныс. Мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің салмағының қандай екенін бизнес біледі. Бұл дегеніңіз жұмыс күшін құру, медициналық сақтандыру төлемдері.

Тіпті кешегі пандемияда жұмыс орындарына жабылып қалу қаупі төніп тұрған кезде де, бизнес әлеумет алдындағы жауапкершілігін ұмытқан жоқ. Дәл қазір бейнелеп айтқанда мың өліп, мың тірілген деген термин қазақ бизнесінің қазіргі жағдайын сипаттайды. Себебі Ескі Қазақстан кезінде қабылданған заңдар бизнесті тұншықтырып жатыр. Отандық бизнес өкілдері арасында дискриминацияны сол заңдардың жаңғырығы қалыптастырып жатыр. Абай «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» демейтін бе еді. Біз қозғалыс ретінде жұмысымызды қолданыстағы заңдарымызды бизнесті тұншықтырып келген баптарынан тазартып, «заман түзелді, енді сен де түзел» дегіміз келеді. Мұның бәрі айтуға ғана оңай екенін білемін.

— Мысалы, нақты нені өзгерту керек деп есептейсіз?

— Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы заңда нені өзгерту керектігін жақсы білеміз. Біз баға белгілеу ережелерінде қандай баптарды өзгерту қажеттігін білеміз. Біз бизнеске қатысты кез-келген құжаттың астарында кімдердің мүдделері қылтиып тұрғанын білеміз.

Мысалы, «жайлы мектеп» бағдарламасын алып қараңызшы. Алдағы бірер жылда Қазақстаннның барлық аймақтарында жүздеген мектептің құрылысы басталатынын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты. Сол мектеп құрылысы аяқталған соң оны жиһазбен жабдықтау қажеттілігі туындайды. Менің алдымда осы сала өкілдерінің шенеуніктерге айтар ұсынысы том-том болып жиналып қалды: Олар жайлы мектеп бағдарламасын орындау кезде ішкі нарықтағы өзіміздің кәсіпорындардың шығарған жиһаздары назарға алынса дейді.

Жайлы мектепті елдің өз жиһазымен жабдықтаса дейді. Ойлап қараңызшы, бұл бағдарлама отандық жихаз бизнесінің күре тамырына қан жүгіртіп, дамуына сбептігін тигізеді гой. Сол 400 мектеп құрылысына жұмсалатын екі-үш трлн теңгенің қайтарымы тек тек жаңа мектеп қана емес, мыңдаған жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Базар экономикасы, алып-сату экономикасы атанудан мемлекеттік жұйе де шаршады.

Біз мектеп немесе дәмхана, қонақүйлер ғана емес, тіпті дәретханалардағы бұйымдарға дейін өзіміздің отандық өнімді пайдалануға қол жеткізуіміз керек.

Сол кезде ғана ұлттық технологиялық базамыз дамиды. Бізге базар емес, зауыт керек. Яғни, біз өзіміздің технологиялық базамызды дамытып, жаңа өндірістер салу үшін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз керек.

Біз 30 жыл бойы тек шикізатты сыртқа сатумен айналысып келе жатырмыз. Осы уақыт ішінде жекелеген тұлғалар үшін «жайлы экономика» бағдарламасын жүзеге асырып, олиголопиялық жүйені құрдық. Экономиканың барлық саласында 100 пайыз импортқа тәуелдіміз.

Мысалы, машина жасау саласында импорттың үлесі 96 пайыз. Экономикамыздың қаншалықты осал екенін кешегі пандемия көрсетті. Біз бұл жүйені әлеуметтік-экономикалық диалог арқылы ғана өзгерте аламыз.

Ол үшін парламенте жаңа тұлғалар керек. Парламент компрадорлық буржуазияның мүддесін қорғайтын қалталы парламент емес, Үкіметті, қажет болса Мемлекет басшысының қалғып кетуіне жол бермейтін кәсіби парламент болуы керек.

Біздің арамызда айғайламай-ақ, ұндемей-ақ қарапайым заттар экономикасы бағдарламасына үлес қосып жүрген азаматтар жетеді.

Мысалға Түркістан облысында мақтаны терең өңдеп, дайын өнімдер шығару деңгейіне көтерілген компаниялар бар. Олар қолдағы бар қаржысын компаниясының жұмысын алға жүргізуге жұмсады, Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен жұмыс істеген кездері де болды. Қазір сол зауыттың шығар-шықпас жаны бар деңгейде жұмыс істеп жатқанын біз ғана білеміз. Себебі жоғарыда айтып өткен министрлік арадағы келісім-шарт талаптарын орындамады. Қазір сол зауыт өзіміз үшін емес, Татарстанның дәрігерлері үшін халат тігіп, тіршіліктерін жалғастырып жатыр. Алайда, өзіміздің Денсаулық сақтау министрлігіне бұл халаттар жақпай қалды, сапасы сын көтермейді дейді. Біздің экономикамыздың әміршісі импорт пен шетелдік инвестор екені айтпаса да түсінікті. Олардың импортқа — өз елдеріндегі серіктес компанияларының өнімдеріне деген ықыласы отандық бизнесті тұншықтырып жатыр. Олар Парламент арқылы өздеріне заңды да өздеріне бейімдеп алғанын көріп жүрміз. Біз, бизнес өкілдері биліктің кейбір тармағында отырған қолы үзын, көлеңкеде әрекет етуге әбден үйреніп алған шенеуніктердің бизнес климатты тұншықтырып жатқанына төзе алмағандықтан ұлттық қозғалыс құруға мәжбүр болдық. Биліктің кейбір тармағына отандық бизнес өгей бала ретінде қабылданып келді. Осы күнге дейінгі саясаттың кері жаңғырығының әсері барлық жерде сезіліп жатыр. Ұлттық инвесторлар класын қалыптастыра алмадық.

Шенеуніктер отандық өндірушіні қолдаудың сыртқы түрін ғана көрсетуді мақсат етіп отыр, ал шын мәнінде нақты саясатқа келгенде, отандық өндірушіні қолдаудың жалпы мемлекеттік саясаты. Біз тек кейбір жеке кәсіпорындарды қолдауды көреміз.

Сол себепті нормативтік құқықтық актілерді дайындауға бизнес қауымдастықтың өкілдері тартылуы керек. Бізді дағдарыс қыспағынан шетілдік инвестор ғана емес, ұлттық инвесторлар ғана құтқара алады. Ал ұлттық инвестор ШОБ-тың жергөгінде тұншыгып жатыр. Отандық бизнестің әлеуеті тым терең.

— Ескі Қазақстан немесе Жаңа Қазақстан деген ұғымның ара-жігінің қандай екені түсініксіз болып кетті. Тәуелсіз сарапшылар олигархтар өздерінің десанттарын Парламентке әкеліп, бизнесін қорғап қалуға жанталасып жатыр деген пікір бар.

— Оны істегенде жылап отырып күлдік. Мәселе сол 1000 зауыттың жоғымен шектеліп қалса жақсы еді -ау. 2018 жылдан бері қанша зауыт ашылып, оның қаншасының жұмыс істеп жатқанын зерделеу Жаңа Қазақстан үшін №1 міндет болуы тиіс.

Қазір экономиканы цифрландыру бағдарламасы туралы айтыла бермейді.Оның қаржылық құны 300 млрд теңге. Бір қызығы цифрландырудың барлық жүгін Каспий банк айгай шусыз-ақ орындап шықты.

Мұның бәрі орындалды, біздің мемлекет бар, ең қызығы, жеке банк, мысалы, Каспий банкі, ол жерде халықты цифрландырудың бәрін жасады, білмеймін, екі айдың ішінде ешқандай мемлекеттік бағдарламаларсыз. Бұл мемлекетке бизнестің кухнясына араласа берудің күні өткенін үғындырып тұр. Мемлекет бизнеске мүмкіндік берсе, олар өздеріне қатысты шаруаны бағдарламасыз, мемлекеттің қаржысынсыз орындап шығатынына мен сенемін.

Билікке әлі де босла сенім бар. Халықтың соңғы үміті Үкіметте де, Парламентте де емес, Президентте.

— Жалпы сіз не ушін депутат болам деп шештіңіз...

Қызық сұрақ екен. Жеке басыма Парламентте отыру қызық емес. Бұл еркіңдігінді шектеумен бірдей. Бірақ парламентте бизнес өкілдерінің көптеп отыруын қалаймын. Бізде жекелеген салалардың мүддесін ашық қорғайтын саяси-экономикалық күштер шеттеп қалды. Экономикамыздың ұлтшылдық сипатының кемшін түсіп жатқан себебі де осы.

Дереккөз: Жас Алаш