Qazaq Jasa

Әділет министрлігі ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҰЛТШЫЛДЫҚ қозғалыстың тіркеуін НЕГЕ заңсыз жойды?

Қозғалыс жетекшісі Айбек БАРЫСОВТЫҢ айтуынша, ҚР Әділет министрлігі қозғалысты тіркеуді заңсыз түрде жойған.

«Нақты айтсам, министрлік Экономикалық ұлтшылдық қозғалысты тіркеуді өткен күнмен және қажетті рәсімдерді сақтамай жойып жіберген. Бұл – азаматтардың конституциялық құқығын өрескел бұзу. Мұндағы басты себеп – қозғалыс мүшелеріне парламент мәжілісі депутаты мен мәслихат сайлауына кандидат ретінде түсуіне қысым жасау», – дейді Айбек Барысов.

Мәселені басынан баяндасақ, Экономикалық ұлтшылдық қозғалысы 2023 жылдың 19 қаңтарында құрылып, 9 ақпан күні бірлестікті заңды тұлға ретінде тіркеу үшін құжат тапсырады. Ал 3 наурызда мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттар ҚР заңнамасына сәйкестігі тексерілгеннен кейін Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметтерін ұйымдастыру департаменті қозғалысты тіркеуге алады.

Тіпті, 6 наурыз күні қозғалыс басшылығына заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуден өткені туралы анықтама беріліп, мөр де алынады. Бірақ 12 наурызда қозғалысты мемлекеттік тіркеу туралы анықтама алу мүмкін болмаған.

Шын мәнінде, мамандар министрлік «ұлтшылдық» деген сөзден қорқып отырғанын айтады. Қазақ тілінің түсініктемесінде «Экономикалық ұлтшылдық – бұл экономиканың, еңбек пен капиталдың қалыптасуына ішкі бақылауды баса көрсететін саясатты сипаттау үшін қолданылатын термин. Яғни, экономикалық ұлтшылдар тұрғысынан нарық мемлекетке бағынып, оның мүддесін білдіруі керек» деген пікірді де тілге тиек етті.



Бұл туралы Экономикалық ұлтшылдық қозғалысы басшысы Айбек Барысов: «Себебі, БСН көрсетілген субъект жойылды. Алынған мәліметтерден 2023 жылғы 3 наурызда қозғалыс қызметін тоқтатулы тіркеу жүргізілгені белгілі болды. Яғни, Әділет министрлігі заңды тұлғаны тіркеуді тоқтату кезінде қажетті рәсімді дұрыс жүргізбеді.

Бірінші, заңды тұлғаның таратылуын мемлекеттік тіркеу туралы өтініш берілмеген.

Екінші, заңды тұлғаның мөрімен расталған құрылтай құжаттарымен осыған уәкілеттік берілген заңды тұлғаның органын тарату туралы шешімі болмады.

Үшінші, республикалық басылымдарда заңды тұлғаны тарату, кредиторлардың талаптарды қою тәртібі мен мерзімі туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Төртінші, заңды тұлғаның мөрі жойылмаған.

Бесінші, коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғаның қызметін тоқтатуды мемлекеттік тіркегені үшін бюджетке тіркеу алымының төленгенін растайтын құжаттың болмауы», – дегенді жеткізді.

«Экономикалық ұлтшылдық қозғалысын тіркеуді жою заңсыз. Сондықтан біз азаматтық құқығымызды бұзу туралы сотқа жүгінеміз. Әділет министрлігінің әрекеттерінің бір бөлігі қозғалыстың саяси белсенділігімен байланысты деп ойлаймын. Өйткені, қозғалыс мүшелері екі айға жуық уақыт ішінде Үкіметке топтық талап-арыздарды тапсырды. Бұл Алматы қаласының экологиясы мен тұрғындардың денсаулығына зиян келтіретін факторларға қатысты. Мұнымен қоса барлық отандық өндірушілерді біріктіріп, алдағы сайлауға өз үміткерлерін ұсынды», – деді Айбек Барысов.

«Қазақстанда жасалған» қауымдастығының басшысы Қайрат БЕКТУРГЕНЕВ те Экономикалық ұлтшылдық қозғалысын тіркеудің өткен күнмен жойылғанын және бұл заңды өрескел бұзу екенін қадап айтты.

«Біз 9 ақпанда құжаттарды тіркеуге тапсырдық. 21 ақпанда Әділет министірлігінен Экономикалық ұлтшылдық қозғалысы «Қазақстанда жасалған» деген атаудағы «Қазақстан» сөзін алып тастау туралы ескерту жауап алдық. Ал 24 ақпанда Әділет министірлігінің талаптарына сәйкес барлығы қалпына келтіріліп, құжат қайта тапсырылды. Сөйтіп, 3 наурызда базаға тіркелдік, 6 наурызда тіркеу туралы куәлік алдық. Содан кейін Әділет министрлігі 3 наурызда қозғалысты тіркеуді өз бетінше жойғанын білдік. Ал мемлекеттік тіркеу туралы куәлік бізге 6 наурызда берілген», – дейді Қайрат Бектургенев.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырған Экономикалық ұлтшылдық қозғалысының жетекшілері тіркеуді жоюдың тағы бір себебін шенеуніктердің құқықтық және функционалдық сауатсыздығынан көреді.

«Енді қозғалыс атауындағы «ұлтшылдық» сөзі біреуді қорқытқаны анық. Алайда, бұл жағдайда қозғалыс атын бөліп емес, тұтас оқу керек. Бізге «ұлтшылдық» дегеннің орнына «патриотизм» деп қосу туралы ұсыныс айтты. Қазір патриотизм деген сөз жауып болды, оған ешкім сенбейді. Онда көп мекемедегі «ұлттық» деген атауды неге алып тастамаймыз? Сондықтан да біз «экономикалық ұлтшылдық» дегенді алдық», – деп қорытты пікірін Айбек Барысов.

Абай тігін фабрикасының иесі Нұрхан ЖҰМАБЕКОВТІҢ айтуынша, «экономикалық ұлтшылдық» – этникалық ұлтшылдыққа мүлдем сәйкес келмейтін ұғым. «Экономикалық ұлтшылдық қозғалысы – ұлттық өндірушіні қорғайды, отандық кәсіпкерлердің мүддесін қолдайды».

Түптеп келгенде, Экономикалық ұлтшылдық қозғалысы мүшелері «ұлтшылдық» сөзінен шошудың қажеті жоқ екенін айтады.

«Себебі, экономикалық ұлтшылдық мемлекеттің өзін-өзі қамтамасыз етуін арттырады. Біз алдағы уақытта партия құруға бекініп отырмыз. Біздің мақсат – халықтың ақшасы сыртқа кетпеуі тиіс, өз елімізге жұмсалуы керек», – деп түйіндеді олар.


Дереккөз: Nege.kz