Qazaq Jasa

«Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС. Технологиялар мен ұлттық индустрия жолындағы 10 жыл

«Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС
Технологиялар мен ұлттық индустрия жолындағы 10 жыл

9 желтоқсан «Kazakhstan Paramount Engineering» ЖШС үшін ерекше күн — компанияның құрылғанына 10 жыл толды. Бұл мерейтой тек кәсіпорын үшін емес, еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешені үшін де маңызды кезеңнің символы болып отыр.

10 жылдық даму жолы

2014–2015 жылдары алғашқы өндірістік кешенді іске қосқан KPE бүгінде дөңгелекті құрышталған көлік шығаратын Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың біріне айналды. Компания MRAP стандарты бойынша (жоғары мина және оқ өткізбейтін қорғаныс деңгейі) құрышталған көліктер өндіретін Қазақстан мен Орталық Азиядағы жалғыз зауыт болып саналады.
Осы уақыт ішінде кәсіпорын заманауи технологиялар трансферін іске асырып, инженерлік құзыреттерді күшейтті, өндірістің терең локализациясын қалыптастырды және зауыттың айналасында тұрақты өнеркәсіптік экожүйе құрды. Қазіргі таңда компанияның өндіріс алаңында 500-ге жуық маман еңбек етеді, ал жүздеген отандық серіктес кәсіпорындар процестерге белсенді қатысады.

Табысты технология трансферінің үлгісі

KPE – Қазақстандағы қорғаныс саласында толыққанды технология трансфері табысты жүзеге асқан алғашқы ірі жоба. Оның нәтижесінде еліміз мина мен баллистикалық қауіп-қатерге төтеп бере алатын құрышталған көліктерді жасап шығару технологиясын толық игерді.
Компания тек дайын технологияларды қолданумен шектелмей, жаңа техникалық шешімдер әзірлеп, ұлттық инженерлікті дамытуға да үлес қосып келеді.

Мерейтойдағы басты сәт – Айбек Барыстың құттықтауы

Жобаның бастауында тұрған, «Қорғаныс-өнеркәсіптік кәсіпорындарының» Заңды тұлғалар бірлестігі басқармасының төрағасы Айбек Айдарұлы мерейтой аясында компанияның маңызын атап өтті. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа кәсіпорынды тұрақты қолдағаны және отандық қорғаныс саласын дамытуға бағытталған саясаты үшін алғысын білдірді.
Айбек Айдарұлының стратегиялық көзқарасының арқасында бүгінде ортақ құндылықтарды ұстанатын, «Barys DYNAMICS» холдингінің мақсаттарына қызмет ететін кәсіби Dream Team қалыптасқанын атап өтті.

Құрмет көрсету және марапаттар

Мерейтойлық шараға ҚР Қарулы Күштерінің қолбасшылығы, арнайы жасақ командирлері, ардагерлер және шетелдік әскери атташелер қатысты.

Салтанатты рәсім барысында жауынгерлік техниканы мінсіз пайдаланып, жоғары кәсібилік танытқан мамандар төмендегі номинациялар бойынша марапатталды:

  • «Үздік техник» — құрышталған дөңгелекті көлікті сапалы пайдалану және жөндеу жұмыстарын ұйымдастырғаны үшін;
  • «Үздік жүргізуші» — техниканы апатсыз әрі үлгілі жағдайда ұстағаны үшін;
  • «Үздік жауынгерлік машина көздеушісі» — қаруды меңгерудегі жоғары кәсіби шеберлігі үшін.

Мерекелік концерт

Шарада ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Орталық ансамблі және Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Алғыс және болашақ

Компания мерейтойлық шараға қатысып, қолдау білдірген серіктестерге, әріптестерге, ардагерлерге және қонақтарға алғысын білдірді.
KPE ұжымы алдағы уақытта да кәсібилікке, жауапкершілікке және отандық өндірістің әлеуетіне деген сенімге сүйене отырып, жаңа жетістіктерге жол ашуды жалғастыра бермек.
2025-12-10 11:53